Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Жасыратыны жоқ, ол құжат қабылданғанда, бұл ғасырларға, ұзақ мерзімге арналған дегендей пікірлер де болды. Бірқатар күрделіліктерден кейін жаңа Конституцияны қабылдау туралы мәселе көтеріліп, Елбасының 1995 жылғы 22 мамырдағы қаулысымен Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы туралы Президент жанындағы сарапшылық-консультативтік кеңес құрылды. Оның құрамына барлығы тоғыз адам еніп, олардың алтауы: Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Е.Нұрпейісов, Ғ.Сапарғалиев және мен бар бір топ ғалымдар, сондай-ақ Н.Шәйкенов, К.Колпаков, Б.Мұхамеджанов секілді лауазым иелері мен шетелдік үш сарапшы болды. Біздерді Ата Заңның авторлары дейтіндер де бар, ашығын айту қажет, біздер автор емес, сарапшылармыз. Елбасының жоғарыда аталған қаулысында: «Жұмысты 10 маусымға дейін аяқтау қажет», деп жазылды. Сонда ойлап қарасаңыз, бір айдан да аз уақыт қалған. Әрине, сондықтан біздерге күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуге тура келді. Бұл орайда «Конституцияның авторы кім?» деген орынды сауал туындайтындығы сөзсіз. Ақиқатына келгенде, Конституцияның идеологы – Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы өзінің бір еңбегінде «20 елдің Конституциясын оқып шыққаннан кейін ғана, заңгерлерді шақырғандығын», жазған.